Menu Close

Буллинг деген не және оның қандай түрлері бар?

Bullying сөзі ағылшын тілінен аударғанда «қорқыту», «кемсіту», «мұқату» дегенді білдіреді. Буллинг – агрессия немесе күш көрсету арқылы адамның өзгені қорлауы, үстем екенін көрсетуі. Буллинг жасаушы мұны күшпен де, сөзбен кемсіту арқылы да жасайды әрі бұл әрекетін жиі қайталауы мүмкін. Қоғамда «буллинг мектеп оқушылары арасында ғана болады» деген түсінік қалыптасқан. Шын мәнінде, кез келген жастағы адам үйде, көшеде, жұмыста, оқу орнында, қысқасы, барлық жерде буллингпен ұшырасуы мүмкін. Буллинг деп көп жағдайда бір адамның бір адамды қорқытып-үркіткенін, қудалауын атайды. Ал құрбанға топ болып әлімжеттік жасауды моббинг дейді. Қазір қорқытудың кибербуллинг деп аталатын түрі жиі ұшырасады. Мамандар да кибербуллингтің әсіресе пандемия кезінде өршіп тұрғанын айтып жүр. Кибербуллинг — интернет, әлеуметтік желі, түрлі сайт арқылы қоқан-лоқы көрсету. Жәбірлеуші телефонмен хабарласып немесе әлеуметтік желіде жазып, адамды қорқыта алады. Кибербуллинг жасаушы ауызша немесе белгілі бір фото, видео жариялап, қорлауы мүмкін. Сонымен қатар құрбанға зиян тигізу мақсатында ойластырылған арнайы тапсырыс аясында кибербуллинг белгілері байқалуы мүмкін.